Оның айтуынша, магистратурада даярлық екі бағыт бойынша жүргізіледі: оқу мерзімі екі жылдық ғылыми-педагогикалық және оқу мерзімі бір жылдық бейіндік бағыт.

Магистратураға түсушілерге келесідей талаптар қойылады. Біріншіден, заңгерлік білімінің болуы, екіншіден — заң мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілінің болуы шарт. Сонымен қатар үш кезеңнен тұратын түсу емтихандарын тапсыру қажет. Бірінші кезең Ұлттық тестілеу орталығының базасында, екінші және үшінші кезеңдер Сот академиясында өткізіледі», –  деді Руслан Сұлтанов.

Үш кезеңнен де сәтті өткендер конкурстық іріктеуге жіберіледі. Академияға оның қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған талапкерлер қабылданады.

Сондай-ақ спикер  2025 жылы Сот академиясы алғаш рет докторанттарды даярлауға лицензия алғанын, бұл сот білімін дамытудағы маңызды кезең болғанын еске салды.
Докторантурада оқыту екі бағыт бойынша жүзеге асырылады: оқу мерзімі үш жылдық ғылыми-педагогикалық және оқу мерзімі де үш жылдық бейіндік бағыт.

«Докторантураға түсушілерге де белгілі бір талаптар қойылады. Бейіндік докторантура үшін магистр дәрежесінің болуы қажет. Бұдан бөлек, құжаттарды қабылдау аяқталған сәтке қарай заң мамандығы бойынша жұмыс өтілі кемінде бес жылды құрауы тиіс», –  деп атап өтті спикер.

Докторантураға құжаттар қабылдау жыл сайын 1 маусым мен 29 шілде аралығында жүргізіледі. 

Оқуға түсу ережелері туралы толық ақпарат Сот академиясының ресми сайтында орналастырылған.