Жануарлар Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық жоба аясында Қостанай қаласының халықаралық әуежайына арнайы әуе рейсімен жеткізілді. Қажетті ветеринариялық процедуралардан өткеннен кейін, жылқылар арнайы көлікпен «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының Реинтродукция орталығына жіберілді. Онда олар мамандардың бақылауымен бейімделу кезеңінен өтеді.

Жануарлардың келуі Пржевальский жылқысын Қазақстан аумағындағы тарихи мекендеу ортасына қайтару жөніндегі ауқымды бағдарламаның кезекті кезеңіне айналды. Жобаның ағымдағы кезеңі аясында жылқылардың алғашқы тобы Қазақстанға Чехия Республикасынан 2026 жылғы 1 маусымда келген болатын.

Жобаны Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Қазақстанның биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығымен және халықаралық серіктестермен бірлесіп жүзеге асыруда.

Қазақстан мен Прага хайуанаттар бағы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес, 2029 жылға дейін елге 40 Пржевальский жылқысын әкелу жоспарлануда. 2024 және 2025 жылдары «Алтын Дала» резерватына жануарлардың алғашқы топтары келіп үлгерді, ал ағымдағы жылдың мамыр айында бұған дейін әкелінген жылқылырдың бір бөлігі алғаш рет жабайы табиғатқа жіберілді.

Пржевальский жылқысының оралуы Қазақстан үшін биологиялық әртүрлілікті сақтау, тарихи тұрғыдан жойылып кеткен жануарлар түрлерін қалпына келтіру және табиғатты қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде ерекше мәнге ие. Жобаны жүзеге асыру далалық экожүйелерді қалпына келтіруге және елдің табиғи мұрасын сақтау жөніндегі мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді.