Сонымен қатар жиналған деректер компьютерлік көру технологиялары мен кеңістіктік деректерді өңдеу арқылы талдау жасау үшін қолданылады. Мұндай құралдар аумақтарды нақты пайдалану мен бекітілген қала құрылысы құжаттамасы арасындағы сәйкессіздіктерді жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Бұл үшін цифрлық карталар, суреттер және автоматтандырылған талдау жүйелері пайдаланылады. Алдын ала бағалау бойынша тексеру уақыты бірнеше күннен бірнеше сағатқа дейін қысқарады.
Сондай-ақ жобалар мен құжаттарды тексеруді автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Егер бүгінде мұндай үдерістердің едәуір бөлігі көптеген материалды қолмен салыстыруды талап етсе, цифрлық құралдар бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының деректерін автоматты түрде салыстыруға, сәйкессіздіктерді анықтауға және кейінгі сараптамалық бағалау үшін материалдар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мамандардың бағалауынша, бұл бір жобаны тексеру уақытын 16 сағаттан 8 сағатқа дейін қысқартуға және күнделікті қайталанатын жұмыстың көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте түпкілікті шешім бұрынғыдай сарапшының құзырында қалады. Айта кетерлігі, жобалау тәсілі де өзгеріп жатыр.
«Бұрын негізгі нәтиже жеке сызбалар мен құжаттар болса, қазір біртіндеп нысанның цифрлық моделіне көшу жүзеге асырылуда. Бұл құрылыс басталғанға дейін жобалық шешімдерді тексеруге, ықтимал қателерді алдын ала көруге және іске асыру кезеңіндегі өзгерістер санын азайтуға мүмкіндік береді. Оған қоса, құрылыс нормаларын машина оқитын форматқа көшіру және жобаларды цифрлық тексеру ортасын құру жұмыстары жүргізілуде. Цифрлық модель нысанды іске асырудың барлық кезеңінде қолданылады», – деді спикер.
Цифрландырудың тағы бір бағыты – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы. Мұндағы негізгі құрал – тұрғындардың коммуналдық қызметтермен өзара іс-қимылына арналған бірыңғай цифрлық алаң ретінде құрылып жатқан Smart Turmys платформасы. Жүйе бірыңғай интерфейс арқылы негізгі сервистер мен ақпаратқа қолжетімділікті біріктіреді. Сондай-ақ коммуналдық ресурстарды есепке алу жүйесі және сала қатысушыларын кезең-кезеңімен интеграциялау дамытылуда. Бұл коммуналдық саламен өзара әрекеттесуді ыңғайлы етіп, саланы басқаруға арналған деректер сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.