2031 жылға дейін өңірдегі инвестициялық жобалар тізіміне жалпы құны 254 млрд теңгені құрайтын 90 бастама енгізілген. Жобалардың қатарында Бесқарағай ауданында жылына 150 млн жұмыртқа өндіретін құс фабрикасын салу қарастырылған. Инвестиция көлемі 5,5 млрд теңгені құрайтын нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сүтті мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, Жарма ауданында 600 басқа арналған және Бесқарағай ауданында 1200 басқа арналған сүт фермаларын салу көзделген.
Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасы жүзеге асырылып жатыр. 2029 жылға дейін жалпы құны 112,5 млрд теңге болатын 19 жоба орындалмақ. Биыл алты нысан пайдалануға беріліп, 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Бірқатар жоба нақты іске асыру кезеңіне өтті. Ағымдағы жылдың ақпан айында құны 4 млрд теңге болатын «Агролидер KAZ» серіктестігінің бұршақ және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу және тазалау зауыты іске қосылды.
Алдағы маңызды жобалар қатарында «Qazaq Astyq Group» серіктестігі базасында жылына 72 мың тонна тазартылған күнбағыс майын өндіретін зауыт (инвестиция көлемі – 8,3 млрд теңге), сондай-ақ «Евразия Агро Семей» серіктестігі базасында жылына 11 400 тонна өнім өндіретін ет комбинаты (инвестиция көлемі – 7,7 млрд теңге) бар.
Олардың барлығы саланың өндірістік әлеуетін айтарлықтай арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.