Оның айтуынша, мемлекеттік денсаулық сақтау органы екпелердің маңыздылығын түсіндіру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмысын белсенді түрде жалғастыруда.

«Жыл сайын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірі Еуропалық иммундау апталығын өткізеді, аталған апталықтың мақсаты - инфекциялық аурулардың алдын алу және вакциналаудың маңыздылығы туралы халықты белсенді түрде хабардар ету. 2026 жылы Еуропалық иммундау апталығы 19-25 сәуір аралығында «Вакциналар әр ұрпақ үшін жұмыс істейді» деген ұранмен өтеді. Еуропалық иммундау апталығы – бұл вакцинация тек жеке қорғану ғана емес, сонымен қатар ұжымдық қауіпсіздікке қосқан үлес екенін тағы бір рет атап өту мүмкіндігі. Өзімізді қорғау арқылы біз балаларымызды, қарттарымызды және иммунитеті төмен адамдарды қорғаймыз», - деді спикер.

Денсаулық сақтау министрлігі иммундық-профилактика жүйесін нығайту, эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету және азаматтардың денсаулығын қорғау бойынша жұмысты жалғастыруда. Р.Қожапова барлық азаматты өзінің және балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, уақытылы екпе алып, ғылыми расталған медициналық ақпаратқа ғана сенуге шақырды.