Нақтырақ айтқанда, ол республикалық бюджет 4,2 трлн теңге түсімді қамтамасыз ете отырып, 102%-ға атқарылғанын атап өтті. Түсімге сыртқы факторлар айтарлықтай әсер етті: мұнайдың орташа бағасы барреліне $80,6 болғанда, экспорттық кедендік баж салығы бойынша қосымша 40,5 млрд теңге өндірілді. Сонымен қатар теңге бағамының неғұрлым күшеюі (540 болжам бойынша бір доллар үшін 497,7) республикалық бюджет кірісін 146 млрд теңгеге шектеді.

«Есепті кезеңде мемлекеттік қаржының тұрақтылығы, барлық әлеуметтік міндеттемелерді уақтылы қаржыландыру, өңірлерді қолдау қамтамасыз етілді. Толық көлемде және басым тәртіппен мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру 1,8 трлн теңге көлемінде қамтамасыз етілді. Негізгі басымдық – қаражатты қарапайым игеруден қаржыландыруға көшу», — деді Мәди Такиев.

Медицинадағы негізгі шешім қазынашылық жүйесімен біріктірілген Qalqan бірыңғай қаржыландыру порталын іске қосу болды. Бүгінгі таңда жүйеге 1,6 мыңнан астам медициналық ұйым қосылған.

«Денсаулық сақтау саласындағы бюджеттік шығыстарды бақылауды цифрландыру шеңберінде Qalqan бірыңғай қаржыландыру порталы іске қосылды. Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі шығындардың орындалуының жаңа деңгейін қамтамасыз етеді. МӘМС 2.0 реформасын жүзеге асырудан күтілетін экономикалық нәтиже 255,2 млрд теңгені құрайды», – деп атап өтті қаржы министрі.

Сондай-ақ министр шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту нәтижелерін атап өтті: өткізу қабілеті 18%-ға өсіп, ал кедендік төлемдер көлемі 65 млрд теңгеге жетті.