Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов баяндама жасады. Жиында инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық шешімдер енгізу және саланың ел экономикасындағы үлесін арттыру бойынша қойылған міндеттердің сапасы мен мерзімінде орындалуына назар аударылды. Көлік министрлігінің деректері бойынша 2025 жылдың қорытындысы бойынша көлік және қоймалау саласындағы жалпы өнім көлемі 12,2 трлн теңгені құрады. Биылғы қаңтар-наурыз айларында саланың өсімі 12,8%-ға жетті.
Өткен жылы автокөлікпен ел ішінде 353 млн тонна жүк тасымалданды, «Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан» және «Қарағанды – Алматы» бағыттары бойынша жалпы ұзындығы 2 мың шақырым болатын 4 ірі жоба жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта «Ақтөбе – Қызылорда», «Бейнеу – Сексеуіл», «Орталық – Батыс», «Қарағанды – Жезқазған» және Сарыағаш айналма жолы бағыттарын қамтитын транзиттік дәліздерді дамыту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, жол жөндеу жұмыстарының қамту көлемі 13 мың шақырымға жеткізілді.
ЕАЭО ішкі шекараларындағы автокөлік өткізу пункттерін жаңғырту аясында өткен жылы 2 учаскеде жұмыс аяқталды. Қазіргі таңда 37 нысан құрылыс жұмыстарымен қамтылған, оларды толық аяқтау 2027 жылға жоспарланған.
Премьер-министр өткізу пункттеріндегі жаңғырту жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын сынға алып, қарқынның жоқтығын алға тартты. Барлық операциялық процестерді жеделдету тапсырылды.
Транзиттік әлеуетті кешенді дамыту аясында теміржол көлігін дамыту мәселелері қаралды. «Қазақстан темір жолы» ҰК деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша транзиттік тасымалдау көлемі 33 млн тоннаға жетті, бұл 2024 жылғы деңгейден 20%-ға жоғары. Транзиттік тасымал үлесі жалпы көлемнің 10%-ын құрады. 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында транзит тағы 14%-ға өсіп, 8 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін жетті, бұл ретте контейнерлік тасымал 6%-ға ұлғайды.
Кеңесте Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға назар аударылды. ТХКБ бойынша жеткізу мерзімдерін қысқарту, «Алтынкөл – Поти/Батуми» бағытында өтпелі тарифтер енгізу, Әзербайжан мен Грузиядағы серіктестермен цифрлық жүйелерді интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 3,9 мың шақырым теміржолда ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда, оның ішінде «Мойынты – Қызылжар» және «Бақты – Аягөз» желілерін салу, сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген», «Шалқар – Бейнеу», «Бейнеу – Маңғыстау» және басқа да бағыттар учаскелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Олжас Бектенов «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы бойынша ресурстардың жеткіліксіз жұмылдырылғанын атап өтті. Нысандағы техника мен жұмыс күшінің жеткіліксіздігі жобаны жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырғаны баса айтылды. Тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.
Сонымен қатар әлеуетті ашу мақсатында мемлекетаралық түйісу пункттерінің өткізу қабілетін жылына 100 млн тоннаға дейін кеңейту қажеттігі атап өтілді. Бұл халықаралық тасымалдауға серпін беріп, өткізу пункттері арқылы өту тәртібін жеңілдетеді.
Премьер-министр теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарының баяу қарқынын сынға алып, биыл барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
Ал теңіз инфрақұрылымын дамыту бойынша Ақтау және Құрық порттарын пайдалана отырып тасымалды жандандыра түсу жөніндегі жұмыстар туралы баяндалды. Осы жылы Ақтау портында су түбін 1,3 млн текше метрге дейін тереңдету жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.
Премьер-министр «Ақтау – Баку» бағытындағы қатынасқа пайдалану үшін қарастырылған 6 контейнер тасығыш кемені сатып алу рәсімдері кешіктіріліп жатқанына назар аударды. Жаңа көліктерді аталған бағытқа шығару жұмысын жеделдету тапсырылды.
Азаматтық авиация саласына келсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнда 20,8 млн жолаушы тасымалданды, әуежайларда 31,8 млн адамға қызмет көрсетілді, олардың ішінде Астана (9,2 млн адам) және Алматы (12 млн адам) әуежайлары бар. 2028 жылға дейін 11 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген, оған 4 жаңа әуежай, 2 ұшу-қону жолағы, сондай-ақ 5 қаладағы инфрақұрылымдарды жаңғырту жұмыстары кіреді. Биыл халықаралық маршруттық желіні 30 елде 135 маршрутқа дейін кеңейту жоспарланып отыр (2024 жылы – 115 маршрут).
Жиында Президент тапсырмасы бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде қазақстандық әуе компаниялар үшін отандық авиаотын құнының төмендетілгені баяндалды. Бүгінгі таңда еліміздің әуежайларында бір тонна отынның бағасы шамамен $800 тұрады, бұл оны көрші елдермен салыстырғанда тартымды ете түседі. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде Қазақстан әуежайларына жаңа шетелдік компаниялар келе бастады, олардың ішінде Centrum Air (Өзбекстан), Shiraq Avia (Армения), Martinair (Нидерланд), One Air (Ұлыбритания), Atlas Air (АҚШ), MNG Airlines (Түркия) және тағы да басқалары бар.
Сондай-ақ «KTZ Air Cargo» АҚ жүк авиакомпаниясының маршруттық желсін дамыту жөніндегі жұмыс жоспарларына да назар аударылды. Компания елдің көлік жүйесінің тұрақтылығын арттыруды мақсат етеді.
Премьер-министр шағын авиацияның әуе кемелерін сатып алу бойынша да кемшіліктер бар екенін атап өтті. Осындай ұшақтар қажет авиакомпанияларды қаржыландыру тетіктерін пысықтау тапсырылды.
Кеңесте саланы цифрландыру мәселелері де қаралды. Қазіргі уақытта көлік қатынасы әлемнің 42 елімен жүзеге асырылуда, тасымалдауға арналған шетелдік рұқсат бланкілерінің саны 2022 жылмен салыстырғанда 3 есеге өскен. Бұл процедураны жеңілдету және жеделдету үшін бланкілерді беру процесі электронды форматқа ауыстырылды. CarGoRuqsat жүйесі енгізілді, Қытаймен шексіз алмасу қамтамасыз етілді, шетелдік рұқсат бланкілерінің 70%-ы цифрландырылды. 2026 жылдың наурызында Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) елдерімен e-Permit пилоттық жобасы іске қосылды, сондай-ақ халықаралық тасымалдарға арналған e-CMR пилоттық жобасы жүзеге асырыла басталды. Қабылданған шаралар рәсімдердің ашықтығын арттыруға, мерзімдерін қысқартуға және әкімшілік шығындарды азайтуға бағытталған.
Премьер-министр халықаралық серіктестермен шетелдік рұқсат бланкілерін берудің цифрлық форматына көшу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
«Президент транзит – біздің еліміздің басты бәсекелестік артықшылықтарының бірі екенін әрдайым айтып келеді. Дегенмен, тапсырмалардың орындалуына сын-ескертпелер бар, толық қамту мен жеделдік жетіспейді. Мен динамиканы тікелей өзім қадағалайтын боламын. Біздің міндетіміз – жұмыстың барлық бағыттары бойынша күш жұмылдыру», — деп атап өтті Олжас Бектенов.