PIRLS – 4-сынып оқушыларының оқу сауаттылығын бағалауға бағытталған халықаралық зерттеу. Қазақстан атынан зерттеуге 219 мектептен 8800-ден астам оқушы қатысады. Сонымен қатар зерттеу сауалнамасына 8800-ге жуық ата-ана, 400-ге жуық мұғалім және 219 білім беру ұйымының басшысы қатысады.
Қазақстан PIRLS зерттеуіне 2016 жылдан бері қатысып келеді. Ағымдағы циклдің ерекшелігі – зерттеудің компьютерлік форматқа көшуі. PIRLS-2026 нәтижелері 2027 жылдың желтоқсан айында жарияланып, бастауыш білім беру жүйесінің оқу бағытындағы тиімділігін бағалауға, оқыту сапасын арттыру бойынша ұсынымдар әзірлеуге және оқушылардың оқу сауаттылығын дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, еліміздің 10 өңірінде 4 және 8-сынып оқушыларының математика және жаратылыстану пәндері бойынша білімін бағалауға бағытталған TIMSS-2027 халықаралық зерттеуінің апробациясы өтеді. Апробацияға 35 мектептен 2500-ден астам оқушы қатысады. Тестілеу компьютерлік форматта жүргізіледі.
TIMSS-2027 халықаралық зерттеуінің негізгі кезеңі 2027 жылдың сәуі-мамыр айларына жоспарланған. Алынған деректер оқу бағдарламаларын жетілдіруге, мектептер мен педагогтерге арналған әдістемелік ұсынымдар әзірлеуге, сондай-ақ білім беру процесінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.