2025 жылдың қорытындысы бойынша электрондық түрде көрсетілген қызметтердің үлесі 96%-ды құраған, бұл сектордың цифрлық жетілуінің жоғары деңгейін растайды. Соның ішінде мекен жайлар беру, жобалауға рұқсат алу, эскиздерді келісу және нысандарды  кәдеге жарату процедуралары анағұрлым сұранысқа ие.

«Бүгінде құрылыс саласында 54 мемлекеттік қызмет көрсетіледі және олардың барлығы онлайн-форматта қолжетімді. Бұл азаматтар мен бизнеске қызмет көрсетуді жеңілдетеді. Сондай-ақ, электрондық келісімшарттар, құжаттарды автоматты түрде тексеру, цифрлық актілер, API және BIM-технологиялар арқылы мониторинг енгізілетін болады. Нәтижесінде рәсімдердің ашықтығы артады, қызмет көрсету мерзімі қысқарады, ал саланың тиімділігі 46%-ға дейін жоғарылайды», – деді жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында.