Нәтижесінде жалпы саны 514 мың адамды құрайтын 277 елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау қамтамасыз етіліп, жақсартылды, оның ішінде 73 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болды.
«Ағымдағы жылы топтық су құбырларын реконструкциялау және жаңғырту бойынша 12 жобаны аяқтау жоспарлануда, нәтижесінде жалпы саны 540 мыңнан астам халқы бар 142 елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау жақсартылады. Қалған 3 жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар 41 топтық су құбырын жергілікті атқарушы органдардың теңгеріміне кезең-кезеңімен беру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 15 нысан немесе жалпы жоспардың 36,6 %-ы берілді», – деді спикер.
«Қазсушар» РМК материалдық-техникалық базасын жақсарту шеңберінде 757 бірлік арнайы техниканы сатып алуға қаржылық лизинг шарты жасалды. Бүгінгі таңда оның 576 бірлігі алынды. Сонымен қатар каналдарды тазалау барысында алынған құм, топырақ және қиыршық тасты сату жұмыстары заңдастырылып, 2026 жылы жалпы көлемі 500 мың текше метр құм мен қиыршық тас сату жоспарлануда. Аталған материалдарды сату кәсіпорын үшін қосымша табыс көзі болып табылады.
2024 жылы 1147 шақырым каналдар механикалық тазалаудан өткізілсе, 2025 жылы 1840 шақырым канал тазалынып, бұл көрсеткіш шамамен 2 есе артты. Ағымдағы жылы 2200 шақырым каналдарды механикалық тазалау көзделген.
Министрлік қабылдаған шаралардың нәтижесінде былтыр «Қазсушар» қаржылық-шаруашылық қызметі тұрақты деңгейде қалыптасты: кірістер мен шығыстар жоспардан 24%-ға артық орындалды.