Атап айтқанда, 677 шақырым ирригациялық жүйелерді жаңғырту, 4 су қоймасын реконструкциялау, 15 топтық су құбырын салу және жөндеу, сондай-ақ 3 құрылысжайды реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. 

ҚР су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов 20 су қоймасының құрылысы туралы да хабардар етті.

«Қазіргі таңда жалпы сыйымдылығы 69,1 млн м3 құрайтын Түркістан облысында 2 су қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарын биыл аяқтау көзделген. Сондай-ақ 5 су қоймасын салу бойынша жобалар әзірлену үстінде, оның ішінде Абай облысында – Қаракөл және Қарғыба, Батыс Қазақстан облысында – Кіші Өзен, Қарағанды облысында – Садовое, Жетісу облысында – Пакатиловск. Сонымен қоса 5 су қоймасы бойынша жобалар әзірленіп қойды, оның ішінде Ақмола облысында – Есіл контрреттегіші, Жамбыл облысы – Қалғұты және Ақмола, Батыс Қазақстан облысында – Үлкен Өзен, Қызылорда облысында – Қараөзек. Ағымдағы жылы 8 су қоймасы бойынша жобаларды әзірлеу жоспарлануда, оның ішінде Абай облысында – Келдімұрат, Кіші-Буконь, Көктерек және Базар, Шығыс Қазақстан облысында – Кендірлік, Қарабұта, Алибастр», – деді спикер. 

Су қоймаларын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Су қоймаларын реконструкциялау бойынша 5 жоба әзірленді, оның ішінде Жамбыл облысында – Терс-Ащыбұлақ, Караконыз және Ынталы, Шығыс Қазақстан облысында – Қандысу және Үйдене су қоймалары. 7 облыстағы 13 су қоймасын реконструкциялау бойынша жобаларды әзірлеу жалғасуда. Ағымдағы жылы Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 8 су қоймасын реконструкциялау жобаларын әзірлеу жоспарланған. 

Сонымен қатар Тұжырымдамадан тыс 2025 жылы Абай облысындағы Шар су қоймасының, Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасының, сондай-ақ Қостанай облысындағы Албарбөгет бөгетінің реконструкциясы аяқталып, пайдалануға берілді.