Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова Парламенттік реформаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылғы қазан айынан бастап белсенді жұмыс атқарғанын айтты. Жұмыс тобы барлық ұсынымдарды мұқият зерделеп, жүйеледі, сондай-ақ азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды жан-жақты талдады. Эльвира Азимованың айтуынша, азаматтар өз ұсыныстарында тек бір палаталы Парламент мәселесін ғана көтерген жоқ. Осыған орай, Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылдады.

«Кеңейтілген құрамдағы Конституциялық комиссияның құрылуы осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстың қисынды жалғасы, сондай-ақ бірнеше айға ұласқан пікірталастар барысында қалыптасқан ауқымды қоғамдық сұранысқа берілген жауап болды, – деді Конституциялық сот төрағасы.

Эльвира Азимованың айтуынша, Қазіргі уақытта Жұмыс тобының мүшелерінен бөлек, азаматтардан екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Конституциялық реформа бойынша өз бастамаларын барлық саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлік құрылымдар, сондай-ақ заңгерлер мен сарапшылар жолдаған.

«Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр – бір жағынан конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан заманауи сын-қатерлерге қатысты өз ұстанымымызды лайықты түрде айқындауға мүмкіндік беретін Ата заңның тиісінше теңгерімін қамтамасыз ету», – деді Эльвира Азимова.

Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин өз сөзінде бүгін жұмысын бастаған Конституциялық комиссия Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының жалғасы екенін атап өтті. Ол Жұмыс тобының қызметін қорытындылай келе, жарты жыл ішінде алты отырыс өтіп, болашақ Парламенттің құрамы мен өкілеттіктері, сайлау тәртібі, квоталар, заң шығару процесі және билік органдарының өзара іс-қимылы секілді Парламенттік реформаның толық блогы қаралғанын айтты. Жалпы алғанда, 7 саяси партия мен 16 қоғамдық ұйым өз ұсыныстарын жолдаған. e-Otinish және eGov порталдары арқылы азаматтар мен қоғам қайраткерлерінен 600-ден астам ұсыныс келіп түскен. Мемлекеттік кеңесші Мемлекет басшысының бірнеше рет жұмыс кеңестерін өткізіп, барлық ұсыныстарды мұқият зерделеп, ескеруді тапсырғанын атап өтті.

Ерлан Карин Конституциялық реформа аясындағы Жұмыс тобының негізгі ұсыныстарына тоқталды: кәсіби бір палаталы Парламентте – Құрылтайда 145 депутат болады, депутаттарға қойылатын талаптар сақталады, ал қосымша талаптар конституциялық заңмен айқындалуы мүмкін. Жұмыс тобы депутаттарды сайлауда толық пропорционалды жүйеге көшу туралы ұсынысты бірауыздан қолдады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Заң жобаларын қарау форматы – үш оқылым. Президенттік квота болмайды, барлық депутаттар тең жағдайда сайланады, тек әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған квоталар сақталады. Сонымен қатар Құрылтайдың келісімімен Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тағайындалады. Жоғарғы сот судьяларын сайлау өкілеттігін Құрылтай депутаттарына беру ұсынылады.

Мемлекет басшысы ұсынған жаңа институттар – Қазақстанның Халық Кеңесі мен Қазақстан Республикасының Вице-президенттің өкілеттігі туралы Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев баяндады. Осы екі маңызды институт бойынша негізгі ережелер Конституция деңгейінде тиісті регламенттеуді талап етеді,

Ержан Жиенбаев Қазақстан Республикасы Вице-президентінің өкілеттігіне тоқталды:

  • Вице-Президентті жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен білдірілген Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды;
  • Вице-Президентті қызметінен Президент босататын болады;
  • Вице-Президент Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді; Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді;
  • Вице-Президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.

«Вице-Президент институтының енгізілуіне байланысты Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормалар алынып тасталады. Конституция деңгейінде Вице-Президентке қойылатын талаптарды көздеу қажет», – деді Президенттің көмекшісі.

Вице-Президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-Президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс. Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді.

Вице-президент өкілді органның депутаты болмауы керек. Басқа ақылы қызметтерді атқаруға және кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынады. Өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партия мүшесі болмауға тиіс.

«Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді», – деді Ержан Жиенбаев.

Президенттің көмекшісі Қазақстанның Халық Кеңесі туралы айтты. Халық Кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырып, қоғамдағы негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды біріктіреді, елдегі бірлік пен ынтымақты нығайтуға қызмет етеді.

Халық Кеңесінің мәртебесін бекіту үшін Конституцияда жеке бөлім қарастыру ұсынылады. Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган екені айқындалып, оның құрамын Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтары қатарынан қалыптастыратыны нақты жазылады.

«Сонымен қатар Президент Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы құқығын беру қажеттігін атап өтті. Бұл норма да Конституцияда көрініс табуға тиіс», – деді Ержан Жиенбаев.

Алғашқы отырыста Комиссия мүшелері – Парламент депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, заңгерлер, ғылыми қауымдастық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де сөз сөйледі.