Денсаулық сақтау саласында емханалардың бірыңғай стандартына сәйкес қаланың 475 мың тұрғынына медициналық қызмет көрсететін 11 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны бой көтереді. 3 перзентхана, 2 заманауи стационар, сондай-ақ 250 орындық СПИД орталығы бар Хоспис құрылысы басталады. Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында 4 негізгі стационарға ауқымды жаңарту жүргізіліп, 2 клиникалық аурухана қайта жөндеуден өтеді. 1,5 млн тұрғынды қамтитын 16 жаңа жедел жәрдем қосалқы станциясы салынады.
Мәдениет те қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды құндылық.
«2028 жылға дейін Қазақ мемлекеттік циркі, Алматы зоопаркі, Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры және Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты толық жаңғыртудан өтіп, заман талабына сай жаңа келбетке ие болады. Жыл сайын кемінде мазмұнды-мағыналы 40 ірі мәдени-көпшілік іс-шара өткізіп, тұрғындарды мәдени өмірге кеңінен тарту жоспарлануда. Салауатты өмір салтын дамыту үшін біз спорттық инфрақұрылымды жаңғыртуды жалғастырамыз. 2027 жылға дейін «Медеу» биік таулы спорт кешенін жаңғырту жоспарланған», – деді Д.Сатыбалды.
Спорт саласындағы басты жобалардың бірі – UEFA талаптарына сай 45 мың көрерменге арналған жаңа стадион салу. Стадионның құрылысы 2027 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Алматының қауіпсіздік саласын заманауи, проактивті модельге көшіру және төтенше жағдайларға дайындық жүргізу ерекше өзекті мәселе. Қалада әлеуметтік нысандар 100% кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтылады. 2030 жылға қарай 100 мың бейнебақылау және 4,5 мың жол қозғалысын бақылау камерасы бірыңғай мониторинг жүйесіне қосылады. Алдағы 5 жыл ішінде энергия, су, жылумен қамтамасыз ету жүйелерінің кемінде 150 маңызды нысанына, 400 әлеуметтік объектіге және 200 көпқабатты тұрғын үйге сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізіледі.