Ұзындығы 30 шақырымнан астам жаңа «Батыс» коллекторының құрылысы Алматының батыс бөлігін және оған іргелес облыс аумақтарын қамтиды. Энергетика саласында Наурызбай, Алатау және Медеу аудандарында орналасқан 147 шақырым иесіз желілер ретке келтіріледі. «Батыс» жылу кешенін кеңейту және қуаты 100 МВт-тық 2 қазан агрегатын орнату қаланың 250 мың тұрғынының жылумен қамтылуын жақсартады.
«110 КВ «Шығыс қақпасы» және «Кірпіш» қосалқы станцияларының құрылысы полиорталықтың шығыс аймағындағы перспективалы аумақтарды сенімді электрмен жабдықтайды. Жыл сайын кемінде 130 шақырым инженерлік желіні жаңғырту жоспарланып отыр. Оның ішінде, су – 35 шақырым, кәріз – 10 шақырым, жылу – 39 шақырым, электр желілері – 45 шақырым», – деді қала әкімі.
Полиорталықты дамытумен бірге Алматы жасыл және орнықты мегаполиске айналады. Бұл жұмысқа Лондон, Мәскеу, Шанхайдың және еліміздің үздік сарапшылары мен урбанистері тартылып отыр. Көріктендіру стандарттарын тиімді іске асыру мақсатында қалалық Урбанистика орталығы құрылды.
2026-2027 жылдары 38 қоғамдық кеңістікті құру және жаңғырту жоспарланған. Олардың қатарында Тұңғыш Президент саябағы, Әуежай көлі жағалауы, Есентай, Үлкен Алматы өзендері және басқа да маңызды демалыс аймақтары қарастырылған. «Қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша 68 көше жаңғыртылады. Бұның аясында ғимараттар жаңарып, заманауи шамдар орнатылады, тротуарлар төселіп, аумақтар көріктендіріледі. Қаланың тазалығын сақтау үшін «Алматы Тазалық» мекемесінің жұмысы күшейтілді. Қала тазалығын қамтамасыз ететін қызметкерлер саны 600-ден 2000 адамға дейін артты. Олардың еңбекақысы 170 мыңнан 370 мың теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар 330 бірлік жаңа арнайы техника сатып алынды. Сондай-ақ «Жасыл Алматы» бірыңғай операторы құрылды. Оның қарамағына 400 гектардан астам жасыл аумақ кезең-кезеңімен беріліп жатыр.
Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Алматыда 9,4 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 58 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды. Бұл жұмыс 2026 жылы да жалғасады.