2025 жылы қалада 11 көшеде жалпы ұзындығы 49 шақырым кешенді абаттандыру жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда Достық даңғылы мен Пушкин көшесінде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
«Қалада көше жарығын дамыту және жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде: іс-шаралар бұрын жарықтандырылмаған шамамен 1 100-ден аса аумақты қамтиды. Онда 12 мыңнан астам жарық шамын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ қолданыстағы 20 мыңнан астам жарық шамы ауыстырылуда. Жалпы, жыл соңына дейін 32 мыңнан астам жарық шамы орнатылады. 400 нысан бойынша декоративті-архитектуралық жарықтандыру жүйесін орнату жұмыстары жасалуда. Кешенді шаралардың нәтижесінде осы жылдың соңына дейін қала сапалы сыртқы жарықпен толық қамтылады. Бұл жұмыстар 2026 жылы да жалғасады», – деді спикер.
2025 жылы 330 шақырым жаңа су құбырлары салынды және 60 шақырым желі жаңғыртылды. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында жеке есептеу құрылғылары орнатылуда. Ағымдағы жылдың басынан бері 84,8 мың суық су есептегіші орнатылып, құрылғылармен жабдықталу деңгейі 67%-дан 87%-ға дейін өсті. Бұл су ресурстарын тиімді басқару және шығындарды азайтуға негіз болады.
2025 жылы 39 шақырым жылу желілері және 17 қазандық жаңартылды. 221 шақырым электр желілері реконструкцияланды. Газбен қамту саласында 6,5 шақырым желі іске қосылды. Сонымен қатар Түрксіб ауданының Қайрат шағын ауданында 4 шақырым астам магистральдық газ желілерінің құрылысы басталды.
Қалада көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Сейфуллин-Жансүгіров көшелерінің қиылысындағы көлік күре жолы пайдалануға беріліп, 2 радиалды жолдың ашылуы толық аяқталды.
Ағымдағы жылы 35 шақырым жаңа жол салынды. Сондай-ақ 281 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Қосымша 2 көлік-тұрақ кешендерінің құрылысы аяқталып, «Саяхат» аялдамасында қоғамдық көлік маршруттарының байланысын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Аталған кешенді шаралар нәтижесінде қаладағы жолдардың сапасы мен жағдайы қанағаттанарлық деңгейге көтеріліп, үлесі 95%-ға жетеді.
2025 жылы жолаушылар ағымы 33%-ға өсіп, күніне 1,6 млн транзакцияға жетті. Биыл 940 газбен жүретін автобус және 153 электробус сатып алынды. Бұл қаладағы қоғамдық көлік паркін едәуір жаңартып, қала экологиясын жақсартуға үлесін қосады.