Ағымдағы жылдың 10 айында 122 мың жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады. Бұл көрсеткіш өңір экономикасының тұрақты даму қарқынын дәлелдейді.

«Мемлекет басшысы халқымыздың тамыры – ауылда екенін ерекше атап өтті. Облыс халқының 75%-ы ауылдық жерлерде қоныстанған. Осыған орай, ауыл халқын қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты міндеттің бірі. Облыста жалпы 2 млн астам тұрғын немесе 98,5%-ы ауыз сумен қамтылған. Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауыз су құбырына қосылып, 11 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ға жетеді. Дегенмен, ауыз суды кестемен ішетін 192 елді мекеніміз бар. Негізгі себебі – ұңғымаларда су дебеті азайған, су жүйелерінің тозығы жеткен. Осыған орай, нақты жоспар жасап, алдағы уақытта кестемен ауыз су ішіп отырған ауылдардың мәселесін кезең-кезеңімен шешетін боламыз», – деді өңір басшысы. 

Аймақта табиғи газбен қамту деңгейі 85,5%-ды құрады. Ағымдағы жылы қосымша 37 елді мекенге газ құбыры тартылады. Нәтижесінде, газбен қамтылған халықтың жалпы саны 88,9%-ға жеткізілмек. 2 жылда 66 елді мекеннің электр жүйелері жаңғыртылып, сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. 

Сондай-ақ биыл облыста 289 нысанға немесе 1 236 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 951,4 шақырым пайдалануға беріліп, жолдардың нормативтік үлесін 94,7%-ға жеткізу жоспарда бар.