Мәселен, өңірдің географиялық-климаттық ерекшелігін ескере отырып, 3 кластерлік бағытты дамыту көзделген. Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Кластер – өндірістік процестің барлық кезеңін қамтамасыз етеді: мақта өсіруден бастап – жіп, мата, джинсы материалдары сияқты дайын тоқыма өнімдерін шығарады. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 201 млрд теңге инвестиция тартылады.
«Мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, көрсеткіші 60 центнерге жетеді. Нәтижесінде, 229 мың тонна мақта өңделеді. Биыл пилот ретінде Отырар ауданында 32 мың га алқапқа жаңа әдіспен мақта егілді. Нәтижесінде, 45 центнер мақта жиналды. 2 мақта өңдеу зауыты және 2 су үнемдеу технологиясын шығаратын өндірісі іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталуда. Жүгері кластері бағытында Шардара ауданында «Казкрахмал» зауыты салынып жатыр. Ол желтоқсан айында іске қосылады. Құны – 35 млрд теңге, 251 жұмыс орны ашылады. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығарады. Жобаны іске асыру есебінен жүгері алқабын 40 мың гектардан 2030 жылы 70 мың гектарға жеткізу жоспарлануда», – деді әкім.
Ет кластері бағытында 7 жоба іске асырылуда. Жобаның құны – 50 млрд теңге, қуаттылығы 35 мың тонна, 802 жұмыс орны ашылады. Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, заманауи мал биржасы салынуда. Бүгінде «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz» және «Бес қара» ет өңдеу кешендері іске қосылды. Нәтижесінде, қосымша 35 мың тонна ет өңделеді. Жалпы кластерлік бағыт, отандық терең қайта өңдеуді дамытып, шаруалардың өз өнімін кепілді түрде нарыққа сатуына мүмкіндік береді. Аталған 3 кластерді дамыту есебінен 2026 жылы жеңіл өнеркәсіпті 220 млрд теңгеге, ауыл шаруашылығын қосымша 433 млрд теңгеге ұлғайту жоспарлануда.
Түлкібас ауданында «Қарқын Трейд» компаниясымен ет бағытында ірі құс фабрикасының құрылысы басталды. Жобаның – құны 53 млрд теңге. Жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін болады. 8 000 жаңа жұмыс орны ашылады.
Түркістанда өнеркәсіптік жылыжайлар да дамып келеді. Жалпы елдегі жылыжайлардың 71%-ы облыстың еншісінде. Биыл жылыжайлар көлемі 75 гектарға ұлғайып, жалпы алаңы 1 715 гектарға жетті. Нәтижесінде, республикадағы үлесі 76%-ға өсті. Жылыжайлардың бірінші айналымынан 102 мың тонна көкөніс жиналды. Келесі жылы көлемін қосымша 62 гектарға ұлғайтып, үлесін 80%-ға жеткізу көзделген. Келес ауданында 500 гектарда «Еcoculture-Еurasia» ірі жылыжай кешені салынуда. Бұл, жыл бойы 240 мың тоннадан астам көкөніс өсіруге мүмкіндік береді. Биыл жобаның 1-кезеңі іске қосылады.
Ауыл шаруашылығы саласында атқарылған шаралар өз жемісін көрсетуде. 10 ай қорытындысымен 1 трлн теңгеден астам өнім өндіріліп, оң өсім қалыптасты.