«Аталған жоспар аясында бірқатар нақты іс-шараны іске асыру көзделген. Біріншіден, мал шаруашылығының барлық бағыты бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылады. Асыл тұқымды малдың түр-түрін сатып алуға 6% мөлшерлемемен ұзақ мерзімді несие беру бағдарламасы жүзеге асырылады», – деп түсіндірді спикер.

Елдегі игерілмеген жайылым алқаптарының әлеуетін тиімді пайдалану үшін, әсіресе, Қостанай және Ұлытау облыстарында, 6% мөлшерлемемен бірегей кредиттік өнім іске қосылып, қашықтағы жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға бағытталады.

Сонымен қатар қолдан ұрықтандыру технологиясы енгізіліп, жүн мен теріні қабылдайтын сервистік-әзірлеу орталықтарының жұмысына жағдай жасалады. Оларға айналым қаражаты ретінде жылдық 5% мөлшерлемемен қаржы бөлінеді және саланы кадрлармен қамтамасыз ету шаралары пысықталады.