Оған қоса, биыл Тайынша қаласында құны 730 млн теңгеге тең ұзындығы 4,5 шақырым жылу желісін жаңғырту жұмыстары аяқталады. Петропавл қаласындағы жылу желілеріне қатысты жалпы құны 11 млрд теңге, ұзындығы 8,1 шақырым болатын екі жоба әзірлену сатысында. Жалпы 2029 жылға дейін 7 мың шақырымнан астам инженерлік желі жаңғыртылады.

«Қысқы жылыту маусымына дайындық аясында үлкен жұмыс атқарылды: 1,5 мың шақырым электр желісі, 13 шақырым жылу желісі және 5 шақырым су құбыры желісі жөнделді, Петропавл ЖЭО-2-нің №1 түтін мұржасының құрылысы аяқталды, бұл жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз етті», – деді спикер.

Әкім биыл облыста сумен жабдықтауды дамытуға рекордтық сома – 74 млрд теңге бағытталғанын атап өтті. Оның 45 млрд теңгесі – қайтарылған активтер қаражаты. Нысандар бойынша жұмыстар аяқталу кезеңіне шықты – іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде.