Оның айтуынша, сауда базарларын жаңғырту тек экономикалық қана емес, әлеуметтік маңызға ие. 

«Қазіргі таңда сауда саласын жаңғырту, саудадағы заманауи форматтың үлесін арттыру уақыт талабы болып отыр. Сауда министрлігі 2029 жылға қарай заманауи сауда форматының үлесін 70%-ға жеткізуді көздеп отыр. Қазір бұл көрсеткіш 41%-ды құрайды. Заманауи сауда форматын арттыруға бағытталған негізгі тетік – базарларды жаңғырту. Министрлік қолма-қол ақшасыз төлем жүйелерін енгізу, санитарлық нормаларды және өртке қарсы қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Басты мақсаты – сатып алушылар мен сатушылар үшін ыңғайлы және қауіпсіз жағдай жасайтын, заманауи талаптарға сай сауда инфрақұрылымын құру», – деді ведомство өкілі.

Жалпы, соңғы 4 жылда 156 базар жаңғыртылды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі бекіткен Жол картасына сәйкес биыл 100 базарды жаңғырту жоспарда бар. Қазіргі таңда осы 100 базардың 57-сінде құрылыс жұмыстары толық аяқталған, ал қалғандарында жұмыстар жартылай орындалған немесе аяқталу кезеңінде.