Осылайша, Ақтөбе облысында су тасқыны салдарынан «Самара – Шымкент» автожолының учаскесіндегі Ырғыз өзені арқылы өтетін көпір зақымдалған болатын. Қолға алынған жедел іс-шаралардың нәтижесінде 30 наурыз күні бір тәулік ішінде қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, көпір арқылы қозғалыс қайта жандандырылды. 

«Сонымен қатар Ақтөбе облысында су тасқыны қаупі төнген кезеңде «Қандыағаш – Шалқар» тас жолының 72 және 86 шақырымында қосымша су өткізу құбырларын орнатудың нәтижесінде өткел қалпына келтіріліп, жол бойындағы үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етті.  Атырау облысында Құлсары қаласының маңында «Доссор – Бейнеу – Ақтау» автожолының 101-103, 119-120 шақырымында жол төсемі тасқын судың салдарынан шайылып кеткен болатын. Су деңгейі төмендегенде жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жолдағы қозғалыс жанданды», – деді спикер.

Айта кетерлігі, су тасқыны кезеңінің салдарын барынша азайту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ұзындығы 70 метрді құрайтын 9 учаскеде жол төсемін мәжбүрлі түрде бұзу бойынша жұмыстар жүргізілді. Аталаған жұмыстар Қарағанды облысындағы «Бастау – Ақтау – Теміртау» автомобиль жолының 25 шақырымы, Павлодар облысындағы «Атамекен – Ертіс – Русская поляна» автомобиль жолының 2 учаскесінде, Қостанай облысындағы «Денисовка – Аршалы – Комаровка» автомобиль жолының бір учаскесінде іске асырылды.

Солтүстік Қазақстан облысында да 5 жол төсемінде мәжбүрлі түрде жол төсемін бұзу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, «Жезқазған – Петропавл» автожолының 706 және 872 шақырымындағы екі учаскесінде, «Булаево – Возвышенка – Қиялы – Рощинское» 208 шақырым автожолында, сонымен бірге «Рощинское – Корнеевка – Волошинка» 14 шақырым және «Волошинка – Сергеевка – Тимирязево» 2 шақырым автожолында сәйкес жұмыстар жүргізілді.

Жедел іс-әрекеттің нәтижесінде жолдардың басым бөлігі қалпына келтірілді. Бүгінгі таңда «Жезқазған – Петропавл» тас жолының 872 шақырымындағы Амангелді және Покровка ауылдары арасындағы учаскесінде жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмыстың барлық түрі жолдарды күтіп-ұстауға бөлінген қаражат шеңберінде жүзеге асырылуда.