Оқу-ағарту министрлігі оқу процесін ұйымдастыру және су тасқыны орын алған өңірлердегі балаларды орналастыру бойынша жұмыстарды жүргізуде. Жалпы су тасқыны орын алған кезден бастап 45 мыңға жуық бала эвакуацияланды. 120 мыңнан астам оқушы қашықтан оқу форматына көшірілді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы ОКҚ алаңында айтты. 

Эвакуациялық пунктерде болған 5 мыңға жуық баланың оқу процесін жалғастыруына жағдай жасалды. Балаларды сауықтыру орталықтарында 600-ге жуық оқушы, колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларында 2 мыңға жуық бала, республикалық маңыздағы мектеп-лицейлердің интернаттарында 600-ге жуық бала орналастырылды. Қосымша резерв ретінде балаларға 7000 орын әзірленді. 

Ақтөбе, Атырау облыстарының барлық мектептерінде, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының зардап шеккен аудандарында ағымдағы бақылау жүргізу алынып тасталды. Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында шешім жекелеген жағдайларға байланысты қабылдануда. 

«Елімізде су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдайды, сондай-ақ ата-аналар қауымдастығының ұсынысын ескере отырып, 2024 жылғы 24 мамырдағы оқу жылының аяқталуына орай барлық мектептерде Бірыңғай сынып сағатын өткізу туралы шешім қабылданды. Дәстүрлі түрде Бірыңғай сынып сағатының аясында сынып жетекшілері оқушыларымен бірге өткен оқу жылының қорытындысын шығарады. Атап өту керек, аттестаттар тапсыру және «Алтын белгімен» марапаттау емтихандар аяқталғаннан кейін 12-15 - маусым аралығында өтеді», – деді спикер.