БҚО-да су тасқынының алдын алу және авариялық- құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда. Соңғы тәулікте 9 адам эвакуацияланды. Су тасқыны кезеңінде жалпы облыс бойынша 13 989 адам эвакуацияланды. Оның 5782-сі - балалар. 12 эвакуациялық пункте 2 447 адам орналасқан. Соңғы тәулікте Жайық өзеніндегі су деңгейі 4 см-ге түсті. Қазір оның деңгейі – 8 м 55 см. Ал, қауіпті деңгейі – 8 м 50 см. Облыста халықты эвакуациялау, құлақтандыру, бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. БҚО ТЖД ресми өкілі Нұржан Төлеуіш ОКҚ алаңында өткен брифингте осылай деді.

«Облыста жағдай тұрақты. Су деңгейінің түсуі байқалады. 27-28-сәуір күндері су өзінің қауіпті деңгейінен түседі деген болжам бар. Облысқа республиканың 14 өңірінен күш-құралдар келген болатын. Қазір басым бөлігі облысымыздан жіберілді. Атырау облысына кеше 281 адамды жіберген болса, бүгін сағат 10-да 1835 адам, 92 техника, 51 су соры құралы, 10 қайық Атырау облысына жіберілген су тасқынына қарсы жұмыстарға. Жалпы облыс бойынша жағдай тұрақты және қатаң бақылауда», – деді спикер.