Атырау өңіріндегі Жылыой ауданында Жем өзенінің көтерілуіне байланысты көптеген үй су астында қалды. Қазір су сору жұмыстары жүріп жатыр. 2491 тұрғын үй мен нысан су астында қалып отыр. Барлығы 2961 адам, 110 бірлік техника, 4 жүзу құралы жұмылдырылды. Бұл жайлы Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ресми өкілі Айсұлу Келдіғалиева ОКҚ алаңында хабарлады.
«Жылыой ауданында 36 738 адам, оның ішінде 8392 бала эвакуацияланды. 13 мыңнан астам бас мал қауіпсіз жерге шығарылды. Қауырт желіге 250 мыңға жуық адам хабарласты. Ақпараттық сипатта, үреймен хабарласып жатқан тұрғындар бар. Оларға ТЖМ, апаттық жағдай медициналық орталығының психологтары шұғыл психологиялық көмек көрсетіп жатыр», – деді спикер.
Резервтегі құралдар шығарылып, бірнеше елді мекенде бөгеттерді нығайту жұмыстары жүріп жатыр.