«2008 жылдан бастап БСДҚ міндетті автосақтандыру бойынша статистиканы қалыптастырады. 2020 жылдан бастап сақтандырудың барлық міндетті кластары бойынша, 2022 жылдан бастап сақтандырудың ерікті түрлері бойынша, ал осы жылдың шілдесінен бастап қайта сақтандыру шарттары бойынша барлық ақпарат тікелей бірыңғай деректер қорына жинақталады», - деді спикер.
Оның айтуынша, сапалы статистиканың болуы клиенттің мүдделеріне сүйене отырып, жаңа сақтандыру өнімдерін жасауға, кросс-сатылымдарды дамытуға, жаңа өнімдерді ұсынуға мүмкіндік береді.
«Мысалы, міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру сыйақысын есептеу БСДҚ базасында да автоматтандырылатын болады, жүргізушінің апат жасауы бойынша жинақталған статистика ескерілетін болады, жүргізушінің кінәсінен апат неғұрлым көп болса, ол сақтандыру үшін соғұрлым көп төлейтін болады», - деп түсіндірді агенттік өкілі.
Деректер қорының басты артықшылығы - онлайн қызметтерді дамыту мүмкіндігі. БСДҚ қазірдің өзінде көптеген мемлекеттік деректер қорымен кіріктірілген. Бұл шарт жасасу үшін де, клиенттерге төлемдерді жүзеге асыру үшін де барлық қажетті ақпаратты қашықтан алуға мүмкіндік береді.