«Елордада шетелдік жеке қаражат есебінен жел электр станциясын (ЖЭС) салуды жоспарлап отырмыз. Бұл мәселені Италияның ENI мұнай-газ компаниясымен («Arm Wind» ЖШС), ҚР Энергетика министрлігі өкілдерімен бірлесе пысықтап жатырмыз.

Жел электр станциясының қуаты бірінші кезеңде 50 МВт болады, ал одан әрі 100 МВт-тан аса ұлғайтуға мүмкіндігі бар.

Жаңартылатын энергия көздері саласындағы бұл жоба электр энергиясының қосымша маңызды көлемін құруға мүмкіндік береді. Осы арқылы құрылысы жүріп жатқан болашақ аудандарды электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

Осы мақсатта тартылатын шетелдік жеке инвестициялар сомасы 50 млрд теңгеге жуықтайды. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр.

Мемлекет басшысы жаңартылатын энергия көздері секторын кеңейтудің және еліміздің электр энергетикасы саласын дамытудың ерекше маңыздылығына тоқталып өтті. Себебі қазір энергетика ел экономикасында негізгі рөл атқарады.

Президент еліміздегі «жасыл» технологиялардың үлесі 2030 жылға қарай 15%-ға дейін артуы тиіс екенін атап өтті», – деп жазды елорда әкімі.