Швейцариялық кіші топ құрылтайшыларының жиыныңда сөз сөйлеген А.Әбдікәрімов Мемлекет басшысы жариялаған әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ Үкіметтің инфляцияны тежеу жөніндегі шаралары туралы айтып берді.

Вице-министрдің айтуынша, алдағы инвестициялық жобалар мен елдегі іскерлік ортаны жақсартуға бағытталған құрылымдық реформаларды ескере отырып, экономика өсуінің орта мерзімді болжамы оптимистік деңгейінде болып қалуда.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның инвестициялық ахуалы және 2060 жылға дейінгі Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясының негізгі тармақтары туралы егжей-тегжейлі айтып, Қазақстан Дүниежүзілік банкпен 30 жылдық ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын атап өтті. Біздің елімізде ДБ көмегімен түрлі салалардағы ірі жобалар іске асырылуда.

Сонымен қатар, саммит аясында вице-министр Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша Вице-президенті Анна Бьердемен екіжақты кездесу өткізді.

Тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, бірлескен жобаларды іске асыру барысын және қаңтар оқиғаларынан кейін басталған әлеуметтік-экономикалық реформаларды талқылады.

Өз кезегінде Бьерде ханым ҚР мен ДБ өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалап, серіктестіктің негіздемелік стратегиясы шеңберінде барлық бағыттар бойынша қолдау көрсетуге дайындығын білдірді.