Полиция қызметкерлері шетелдіктер көп болатын мекенжайларды, құрылыс объектілерін, нарықтарды, заңсыз жұмысқа алатын ұйымдар мен жұмыс берушілердің нысандарын тексерді.

Операция кезінде 12 288 көші-қон заңнамасын бұзушылық анықталды. Оның ішінде 8 441-і шетелдіктердің мемлекетте болу мерзімін бұзған, 3 718-і шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан.

Заңсыз шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін 563 жұмыс беруші жазаға тартылды. Ал 4 814 шетелдіктің келуі туралы уақытылы полицияға хабарлама бермегені үшін жеке және заңды тұлғаларға шара көрілді, сондай-ақ 55 шетелдік қайыршылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктерді елден тыс шығару туралы 969 сот шешімі шығарылды. Елден тыс шығару туралы сот шешімін орындамаған 250 шетелдікке мемлекетке келуіне тыйым салу және мәжбүрлеп шығару туралы сот шешімі шығарылды.

Көші-қонға талдау жасау барысында шетелдіктердің елге заңды түрде келгенімен, кейбір жағдайларға байланысты көші-қон заңнамасын бұзушылардың қатарына ауысатыны анықталды, оған көбінесе біздің Қазақстанның азаматтары көмек көрсетуде. Құқық бұзушылықтардың көбісі тиісті рұқсатсыз жұмысқа тартумен байланысты бұзушылықтар.

Мысалы, Түркістан облысында жазық жерде “ферулла” атты дәрі өсімдікті өндіріп тазартқан 110 шетелдік анықталды. Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында құрылыс объектілерінде шетелдіктердің заңсыз жұмыс күшін тартқан көптеген факті анықталды.

Заңсыз жұмыс күшін тартқан жұмыс берушілер мен шетелдіктер жауапкершіліктен жалтара алмады. Біздің азаматтар да өз пайдасын ойлап, көші-қон заңнамасын бұзатын шетелдіктерге баспана беріп қана қоймай, заңсыз көші-қон ұйымдастыруда көмек көрсетеді.

Мысалы, Шымкент қаласында полиция қызметкерлері қайыршылық жасаған үш шетелдікті анықтады, тексеру барысында олардың елге заңсыз жолмен келіп, Мемлекеттік шекараның бақылау пунктінен тыс кіргені анықталды, сонымен қоса Қазақстан Республикасының азаматшасы шетелдіктердің тұруы үшін баспана беріп, заңсыз болуына септігін тигізді.

Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полиция көші-қон заңнамасын бұзушылығын анықтау мен алдын алу бойынша тиісті жұмыстарды жалғастыруда.