«Бүгінгі таңда шетелдік әскери оқу орындарында әскери кадрларды даярлау ҚР Қарулы күштерінің қажеттілігіне сәйкес жүзеге асырылады. Біздің әскери қызметшілер Ресей, Беларусь, Армения, Түркия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Корея, Қытай, Ұлыбритания, Италия, Франция және ГФР жоғары оқу орындарында білім алуда. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің қарамағында 9 әскери оқу орны бар. Әскери кадрларды даярлау шет мемлекеттердің әскери оқу орындарында да жүзеге асырылады. Ұлттық қорғаныс университетінде 10 факультет, сондай-ақ 27 оқу кафедрасы жұмыс істейді, онда күндізгі және қашықтан оқыту форматында 500-ден астам әскери магистранттар мен докторанттар оқиды. Оның ішінде Қырғызстан, Тәжікстан және Армениядан ҰҚШҰ елдерінің 24 әскери қызметшісі бар. Жыл сайын қайта даярлау және біліктілікті арттыру жүйесі арқылы еліміздің Қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының, сондай - ақ мемлекеттік органдарының 3 500-ден астам әскери қызметшілері мен қызметшілері өтеді», - деді спикер.
Жоғары білім беру бағдарламасы бойынша дайындық барлық әскер түрлері мен Қарулы күштердің негізгі мамандықтарын қамтитын үш әскери институтта жүзеге асырылады. Соңғы жылдары оларға ерекше сұранысқа ие жаңа мамандықтар енгізілді. Сондай-ақ профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттырады, ғылыми әлеуетті дамытады. Қорғаныс зерттеулерінің кеңесі, алдыңғы қатарлы ғылыми-эксперименттік базасы бар әскери-ғылыми орталық құрылды. Ғылыми зертханаларда отандық әскери робототехниканы, ұшқышсыз ұшу аппараттарын жасау, әскери-ғарыштық және ақпараттық технологияларды дамыту мәселелері зерттеледі.