«Алдыңғы жылдары түлектер осы кезде Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруды әлі бастамайтын. Ал биыл маусым айының басында түлектердің 96% оны тапсырып бітті. Бұл жақсы көрсеткіш. Өткен айдың басынан бастап олар өздеріне қолайлы уақытты, арнайы пунктерді таңдады. Бұл үлкен өзгеріс. Біз бұған үлкен дайындықпен келдік. Алдымен 2019 жылы мұғалімдердің ұлттық біліктілік тесті электронды форматқа көшірілді. Содан кейін 2020 жылы магистратураға түсу бойынша арнайы емтихандар осындай форматта өтті. Бұл әділдікті, ашықтықты қамтамасыз етті», - деді ведомство басшысы өз жауабында.


Оның айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеуді электронды түрде тапсыру барысында әр балаға бөлек компьютер ұсынылады. Тест тапсырушы арнайы бейнекамералар арқылы бақыланады. Сонымен қатар, биыл түлектерге ҰБТ тапсыруға 2 мүмкіндік беріледі. Бұл балалардың психологиялық күйзеліске ұшырамауы үшін жасалып отыр. Ал конкурс жариланғанда балалар өз сертификаттарын тапсырып, грант алуға таласады. Жалпы Ұлттық бірыңғай тестілеу маусым айының соңына дейін жалғасады.