Оның айтуынша, осындай ынтымақтастықтың арқасында таулы, сулы-батпақты, дала және шөлді экожүйелердің биоалуантүрлілігін сақтауға, жалпы ауданы 5,3 млн га болатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқаруға экожүйелік тәсілдерді енгізуге мүмкіндік туды, бұл сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерді сақтауға және елдің биологиялық ресурстарын ұтымды пайдалануға жол ашты.


«БҰҰ ДБ бастамасымен 8 жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылды, 3 ерекше қорғалатын табиғи аумақ кеңейтілді, «Ақжайық», «Алтын Дала», «Іле-Балқаш» табиғи резерваттары және «Бұйратау», «Жоңғар Алатау» және «Тарбағатай» ұлттық парктері пайда болды. Қазақстанда алғаш рет 2,9 млн га алаңда «Қапшағай-Балқаш» және «Ырғыз-Торғай-Жыланшық» экологиялық дәліздері құрылды, олар бүгінде қарақұйрық және ақбөкен сияқты жануарлар әлемінің сирек кездесетін түрлерінің көші-қон жолдарын қорғауға мүмкіндік береді. 5,3 млн га +2,9 млн га - бұл Швейцарияның бесінші бөлігі», - деді спикер.


Сондай-ақ жайылымдарды тұрақты басқару, суармалы егіншілік, орманды қалпына келтіру, жылжымалы құмдарды бекіту, тауарлы балық өсіру мен экотуризмді дамыту саласында 40 пилоттық жоба іске асырылды, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі биологиялық әртүрлілігін сақтау және орнықты пайдалану тұжырымдамасы әзірленді. Бұл табиғи экожүйелерді сақтау мен қалпына келтірудің, экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың және табиғи кешендер мен олардың компоненттерінің табиғи даму заңдылықтарын анықтаудың стратегиялық құжаты. Бұдан басқа, нормативтік-құқықтық актілерге бірқатар түзетулер, оның ішінде жаңа экологиялық кодекске ұсынымдар енгізілді. БҰҰ ДБ кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын және экотуризмді дамытуға да жәрдемдеседі.


«Биыл біз ұлттық серіктестерімізбен бірге жалпы бюджеті 275 млн теңге болатын Эко-Даму несиелеу бағдарламасының екінші кезеңін іске қостық. Бағдарлама 770 ауылда 28 пилоттық аумақта тұратын ауыл тұрғындарына бизнестің экологиялық түрлерін, соның ішінде экотуризмді, орман, балық шаруашылығын ашуға немесе дамытуға көмектесуге арналған. Академиялық бағдарламалардың көмегімен 100-ден астам жұмыс орнын құру қолдау тапты. Жеке сектормен жұмыс істеуге жақсы мысал - IT компаниясымен жүзеге асырылған Bitfury жобасы, ол 67 мың га есепке алынбаған орманды қалпына келтіруге арналған, бұл 6 млн тонна СО2 эквивалентін сіңіруге мүмкіндік береді. Бұл бірлескен жұмыстарға ғана келтірілген мысалдар. Бірақ біз БҰҰ сияқты жаһандық отбасының көмегімен Үкіметпен ынтымақтастықты күшейте алатынымызды көрсеткіміз келеді», - деді халықаралық ұйымның өкілі.