Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов хабарлады.
«Студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін жеке сегменттің кеңінен қатысуын көздейтін мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі әзірленді. Біз инвесторларды, жеке кәсіпкерлерді мемлекеттің тікелей қолдауымен студенттік жатақханалар құрылысына қаржы салуға шақырамыз. Мен бұл процесті кеңірек қарауды ұсынамын. Келесі әлеуметтік нысанды салу ретінде емес, табысты, тұрақты және перспективалы бизнес-жоба ретінде. Оның үстіне бұл үшін барлық алғышарттар бар», - деп атап өтті спикер.
Тетік тұжырымдамасы мемлекет пен жеке сектордың әріптестігіне негізделген. Жеке құрылыс салушы инвестор, оқу орны немесе кәсіпкер атынан объектіні өз қаражаты есебінен іске қосуды жүзеге асырады. Нысан пайдалануға сәтті берілген жағдайда мемлекет мақсатты мемлекеттік тапсырыс орналастырады. Жан басына қаржыландыру қағидаты қолданылады. Мемлекеттік тапсырыс ай сайынғы негізде 8 жыл мерзімге орналастырылады. Каникул кезеңінде соңғы оқу айында тұрған студенттер саны ескеріледі.
Бір студентке мемлекеттік тапсырыстың жыл сайынғы мөлшері: құрылыс кезінде 122 АЕК (Алматы қаласында – 144 АЕК), қайта жаңарту кезінде 47 АЕК құрайды. Бұл ретте алғашқы 12 айда мемлекеттік тапсырыс екіге тең түзету коэффициентін ескере отырып төленеді. Мысалы, іс жүзінде 100 адам тұрса, төлемдер 200 адамға төленеді. Бірақ, жатақхананың жобалық қуатынан аспауы тиіс.
Айта кетейік, локдаун мен пандемияға байланысты турбулентті кезеңде мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер студенттердің тұруына қандай да бір мониторинг жүргізбестен жатақхананың жобалық қуаты бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ, жатақхана құрылысы бойынша жобаларды іске асыруды жоспарлап отырған кәсіпкерлер үшін банктік қарыздарды субсидиялау қарастырылған. Коммерциялық нысандарды ашуға тыйым салынбайды.
Осы мақсатта республикалық бюджетте 152 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 77 жатақхана пайдалануға берілді.