Үш буынды модельге көшу бойынша бірінші кезең аясында жыл басынан бастап прокурорлар қылмыстық істер туралы негізгі процестік шешімдер жөнінде келіседі және оларды бекітеді. Егер бұрын тергеуші азаматтарды қылмыс аясына тарту мәселесін өз бетінше шешсе, енді прокурордың келісімінсіз тергеуші шешімінің заңды күші болмайды.


«Жаңа формат жағдайында прокурорлардың тергеуге араласу белсенділігі артып, заңсыз шешімдерге дер кезінде бағасын беруде. Тергеушілердің қаулыларымен келісуден бас тарту арқылы, прокурорлар 1,5 мың адамды қылмыстық процеске негізсіз тартуға жол бермеді, ал өткен жылы осындай 98 ғана жағдай анықталған. Демек, қадағалау алдын алу сипатына ие болды. Қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылған азаматтар саны 18% төмендеді. Бұл кінәсі дәлелденбей істері тоқтатылған немесе ақталған тұлғаларға қатысты айтылып отыр», - деді С.Шалабаев. 


Спикер сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасы едәуір артқанын атап өтті. Істердің қайта тергеуге жолдануы айтарлықтай азайды. Прокурорлар қайтарған істер саны 30% кеміді, соттардың істерді қайтаруы 2 есеге жуық қысқарды. 


Оған электронды тергеп-тексеруді енгізу оң әсерін тигізуде. Электрондық формат іс тараптары мен олардың адвокаттарына электронды материалдарға кез келген уақытта қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл қылмыстық процестін ашықтығын және бәсекелестігін айтарлықтай арттырады.