Оның айтуынша, қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін ветеринария жүйесін реформалау бойынша жол картасы бекітілді. Оған 55 іс-шара кіреді.

«Парламент депутаттары ұзақ мерзімді кезеңге ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бастамашылық жасады. Заң жобасы орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктерді ажырату, процестерді цифрландыру, деректерді жинау мен беруді автоматтандыру, кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру және ветеринария саласындағы мамандардың жалақысын арттыру, оларға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету арқылы ветеринария  қызметін реформалауды көздейді», - деді А. Жақыпбаев.  

 Заң жобасында 7 заңнамалық актіге келесі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген:

- орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктер мен функциялардың аражігін ажырату;

- жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға тән емес функцияларды алып тастау;

- жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға қосымша функция беру;

- облыстың жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық пункттерімен аудандарда, облыстық маңызы бар қалаларда оқшауланған бөлімшелері бар облыс деңгейінде мемлекеттік ветеринариялық ұйым құру мүмкіндігі;

- құзыреттілікті, функциялар мен өкілеттіктерді заңнамалық деңгейде артық (шамадан тыс) нақтылауды алып тастау.

Сонымен қатар ветеринария саласында кадрлар даярлау және мамандардың біліктілігі мен мәртебесін арттыру, оларды көтермелеу, жалақысын көтеру және әлеуметтік қолдау шараларын көрсету қарастырылуда. Ветеринариялық препараттарды қолдану рәсімін Еуразиялық экономикалық одақ құжаттарына сәйкестендіру көзделген.

Қазіргі уақытта Заң жобасы Үкіметтің қарауына ұсынылды, мүдделі мемлекеттік органдардың ескертулері мен ұсыныстары пысықталып жатыр.