Жаңа вокзал 1970 жылдан бері пайдаланылып келген ғимараттың орнына салынды. Бұрынғы вокзалдың ауданы 211 шаршы метр болса, жаңа кешеннің аумағы 846 шаршы метрге жетті. Осылайша, ғимараттың ауданы шамамен төрт есе ұлғайды. Бұл жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және оларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік берді.
Жаңа ғимаратта жолаушыларға қажетті барлық жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, күту залдары, билет кассалары, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі, жүк сақтау камерасы және санитарлық бөлмелер бар. Сондай-ақ халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Кешенде олардың қажеттіліктеріне сай жағдай жасалған.
Вокзалдың іргелес аумағы да абаттандырылды. Мұнда перрон жабдықталып, автотұрақ қарастырылған, жарықтандыру және бейнебақылау жүйелері орнатылған.
Жаңа вокзалдың ашылуы Құлсары тұрғындары үшін маңызды оқиға әрі өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңғырту жолындағы елеулі қадам болды. Заманауи кешен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, сапарлардың жайлылығын қамтамасыз етуге және теміржол вокзалдарына қойылатын қазіргі заманғы талаптарға сай жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Еліміз бойынша теміржол вокзалдарының инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл жаңғырту жұмыстары 121 нысанды қамтиды.