Жаңа теміржол желісінің құрылысы жоғары қарқынмен және бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Бүгінде нысанда 2 мыңға жуық маман және 700-ден астам техника жұмылдырылған.

Жұмыстарды орындау барысында күрделі учаскелердегі құрылыс процесін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін заманауи технологиялық шешімдер қолданылуда. Атап айтқанда, көпір құрылыстарында теміржол жолы айналма желілерді қолдану арқылы төселуде. Бұл тәсіл жұмыстардың үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етіп, белгіленген мерзімдерді сақтауға мүмкіндік береді.

Ұзындығы 323,3 шақырым болатын жаңа теміржол желісі Ұлытау және Қарағанды облыстарының аумағы арқылы өтеді. Пайдалануға берілгеннен кейін ол Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліздің) маңызды буынына айналып, өңірлердің көлік байланысын нығайтып, жүк тасымалының тиімділігін арттырады деп күтілуде.

Өз кезегінде, жобаны жүзеге асыру жүк тасымалы бағытын 149 шақырымға қысқартуға, Мойынты – Жарық теміржол учаскесіне түсетін жүктемені азайтуға, контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығын арттыруға және жүк пен транзиттік тасымалдардың өткізу қабілетін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бекітілген кестеге сәйкес, теміржол желісін пайдалануға беру осы жылға жоспарланған.