Бұл деректермен үздіксіз алмасуды қамтамасыз етуге, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және дәрігерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде медициналық деректер қолжетімді болып, процестер жүйенің барлық қатысушылары үшін жылдам әрі ыңғайлы бола түседі. Медициналық деректерді интеграциялау қағидаттары бойынша бүгінде Қазақстан Түркия, Финляндия, Эстония және Сингапур тәжірибесімен салыстыруға келеді.

Денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық контурында 20 млн пациенттің цифрлық бейіні қолжетімді. Оның ішінде денсаулық паспорты 100% цифрландырылған 7 млн бала, 173 мың жүкті әйел және диспансерлік есепте тұрған 3,7 млн азамат бар.

Медициналық деректердің бірыңғай қоймасына 12 жекеменшік медициналық ақпараттық жүйе қосылды. Барлық компонент 50-ден астам мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланған.

Қоймада 2012 жылдан бергі кезеңді қамтитын шамамен 1,5 петабайт медициналық дерек жинақталған. Жүйе медициналық сипаттағы 62 түрлі оқиғаны өңдейді.

Бірыңғай экожүйені құрудың басты артықшылығы – пациентке бір ақпаратты әр жолы қайта хабарлаудың қажеті болмайды. Мәліметтер оған бір рет енгізіліп, тұрақты түрде бекітіледі.

Медициналық деректер жиынтығы сертификатталған ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес бірыңғай қорғалған мемлекеттік контурға көшірілді. Денсаулық сақтау нысандары киберқауіпсіздікке міндетті аудит жүргізілетін аса маңызды цифрлық нысандар санатына жатқызылды. Пациенттердің дербес деректерін қорғау қамтамасыз етілді.