Бүгінде мамандандырылған көмекті 1 500-ден астам травматолог дәрігер көрсетеді. Елде 81 травматологиялық пункт, 4 мыңнан астам мамандандырылған төсек және 260 медициналық ұйым жұмыс істейді. Қызметтің кадрлық әлеуетін нығайту және инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасады.

Негізгі бағыттардың бірі – өңірлік травматологиялық орталықтар желісін құру. Мұндай орталықтар Астана, Алматы, Қарағанды және Балқаш қалаларында ашылған. 2027 жылға дейін желіні еліміздің өзге өңірлерінде де кеңейту жоспарланып отыр. Бұл мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жедел медициналық көмекті дамытуға ерекше назар аударылады. Қабылдау бөлімшелеріндегі 210 шокқа қарсы кабинетті заманауи Trauma room бөлмелерімен қайта жарақтандыру, сондай-ақ автомобиль жолдарының жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін учаскелерінде 69 тірек медициналық пункт және туристік аймақтарда 60 маусымдық медициналық пункт құру көзделген.

Профилактика жұмыстары да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Жол-көлік оқиғаларына байланысты, тұрмыстық және балалар жарақатының алдын алу жөніндегі жұмыстар күшейтіліп, халықты алғашқы көмек көрсету дағдыларына оқыту ауқымы кеңейтіледі.

Қабылданып жатқан шаралар жарақат алған кезде заманауи әрі сапалы медициналық көмектің еліміздің әрбір тұрғыны үшін қолжетімді болуын және медициналық қызметтердің төтенше жағдайларда жедел көмек көрсету мүмкіндігін арттыруға бағытталған.