Жоғары білімнің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру – Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2029 жылға қарай елімізде білім алатын шетелдік студенттер санын 100 мың адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Қазақстанда білім алуға деген қызығушылықтың артуына білім беру қызметтерінің қолжетімді құны, елдің тиімді географиялық орналасуы, ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламаларының кеңеюі, сондай-ақ медицина, инженерия және ақпараттық технологиялар салаларындағы мамандарға деген жоғары сұраныс ықпал етеді.
Бүгінде Қазақстанда Cardiff University, Coventry University Kazakhstan, сондай-ақ АҚШ, Оңтүстік Корея, Италия, Ресей, Қытай, Франция және басқа да елдердің жоғары оқу орындарын қоса алғанда, 30-дан астам шетелдік университеттің филиалы жұмыс істейді. Олардың қызметі кадрлар даярлау сапасын арттыруға, академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге және отандық жоғары білім беру жүйесінің халықаралық ықпалдастығын нығайтуға мүмкіндік береді.
100 мың шетелдік студентті тарту жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламаларын дамытуға, университеттердің инфрақұрылымын жаңғыртуға, студенттік жатақханалар желісін кеңейтуге, сондай-ақ шетелдік студенттердің білім алуы мен тұруына қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға ерекше назар аударылады.
Білім беру қызметтерінің экспортын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан кешенді жұмыс Қазақстанның әлемдік жоғары білім кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және еліміздің өңірдегі жетекші академиялық орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал етеді.