Қоғам игілігі үшін 50-ден астам ЖИ-агент жұмыс істеп, жоғары тиімділік көрсетуде. Денсаулық сақтау саласында «Cerebra AI» инсультті ерте диагностикалау жүйесі енгізілген аймақтарда өлім-жітім көрсеткішін 40%-ға төмендетті, ал ЖИ-терапевт ондаған клиникада дәрігерлерге табысты көмек көрсетуде.

Кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлінуде: бизнес бастауға арналған ЖИ-көмекші бәсекелестік ортаны талдап, алғашқы кезеңде операциялық шығындарды екі есеге қысқартады.

Сондай-ақ, 24/7 режимінде жұмыс істейтін салықтық ЖИ-ассистент және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп құрылған қаржыландыру өтінімдерін сүйемелдеуге арналған мамандандырылған көмекші жұмыс істеп тұр.

Алдағы жоспарда – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін технологияларды масштабтау, атап айтқанда, абонент жауап бергенге дейін алаяқтық қоңырауларды бұғаттайтын антифрод-жүйелерді енгізу көзделген.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлерді оқыту үшін Vibe Coding тәжірибесі енгізілуде. Бұл оларға күнделікті жұмысты автоматтандыру үшін өз бетінше ЖИ-агенттер жасау мүмкіндігін береді.

Бұл экожүйені жүзеге асыру – проактивті сервистік мемлекет үлгісіне көшуге бағытталған ұлттық стратегияның көрінісі. Мұнда цифрлық шешімдер экономиканың орнықты өсуі мен мемлекеттің қоғаммен өзара іс-қимылының сапалы жаңа деңгейін қамтамасыз етудің сенімді құралына айналады.