Жиын барысында қазақ халқының тағылымды дәстүрі жаңғыртылып, аналар жас жұбайларға және ақжаулықты әжелерге ақ орамал жапты. Бұл – аналардың ақ тілегі мен ақ батасының белгісі болды.
Сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін «Шылауыш орау» дәстүрінен сахналық көрініс, аналарға арналған әсерлі әндер, әжелердің «Ақ орамал» дефилесі, сондай-ақ, мәдени музыкалық қойылымдар ұсынылды. Сонымен қатар Түркістан қаласының Құрметті азаматы Шора Есмолдаев 61 жыл отасқан жұбайымен бірге отбасы татулығының сырымен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Іс-шара соңында батагөй ақсақал жас жұбайларға ақ батасын беріп, қазақы дәстүрге сай ақжарма тілектерін жеткізді.
Іс-шара аясында қатысушыларға «Наурыз-базарлық» сыйлық бокстары таратылып, құрметті қонақтарға гүл шоқтары табысталды.
Осындай тағылымы мол кездесулер арқылы ұрпақ сабақтастығы нығайып, отбасы құндылықтары дәріптеліп келеді. Ақ орамал – ананың мейірімі мен даналығының, шаңырақтың берекесі мен ұрпақ сабақтастығының символы.