Премьер-министр биылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент берген тапсырмалар аясында аграрлық маусымды сапалы өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар қамтамасыз етілгенін атап өтті.

«Егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру көлемін былтырғыдай 1 трлн теңге деңгейінде қалдырдық. Оның ішінде техниканы лизингке алуға 300 млрд теңге қаралған. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында үшінші жыл қатарынан қомақты қаражат бөлінуде. Фермерлер үшін жеңілдетілген бағамен 402 мың тонна жанармай бөлу көзделіп отыр», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Энергетика министрлігінің көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының шекті жеңілдікті бағасын уақтылы бекіту қажеттігі атап өтілді. Ведомствоға сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктерімен бірлесіп, арзандатылған отынның тиісті көлемде жеткізілуін қатаң бақылауға алу тапсырылды. Әкімдіктер бір апта ішінде өңірлік операторлар туралы толық және өзекті мәліметтерді ұсынуы қажет. Бөлінген жанар-жағармайдың талан-таражға түсуіне жол берген тұлғаларға қатысты құқық қорғау органдары барынша қатаң шаралар қабылдауы керек.

Мемлекетік қолдаудың тиімділігіне ерекше назар аударылды, қолдау жауапкершілігі жоғары әрі жұмысына адал диқандарға ғана көрсетілуге тиіс.

Егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысын биыл да жалғастыру қажет. Көбірек табыс әкелетін, әсіресе экспортқа шығатын және нарықта жоғары сұранысқа ие дақылдардың егіс алқаптарын кеңейтуге ерекше назар аудару керек. 

Егін егу кезінде агротехнология талаптарын қатаң сақтап, тыңайтқыштарды уақтылы себу және өсімдіктерді зиянкестерден қорғау құралдарын қолдану қажет – бұл шаралар болашақ егіннің сапасы мен тиімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторлары болмақ.

Биыл тыңайтқыштарды себу жоспары ғылыми негізі бар норманың 73%-нан астамын немесе 2,3 млн тоннаны құрайды. Ауыл шаруашылығы және Өнеркәсіп министрліктері егіншілерді қажетті көлемде сапалы әрі қолжетімді тыңайтқыштармен қамтамасыз етуі қажет. Бұл ретте өзіміздің отандық өндірістің тыңайтқыштарына басымдық берілуге тиіс.

Өзекті мәселенің бірі – ауыл шаруашылығы техникасының әзірлігі. Ол бүгінге шамамен 80%-ды құрайды. Жаппай егіс жұмыстары басталғанша бұл көрсеткішті 100%-ға дейін жеткізу тапсырылды.

Әкімдіктер цифрлық технологияларды барынша пайдалана отырып, бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі қажет, сондай-ақ озық ғылыми тәсілдерді қолдана отырып, шаруалардың құрғақшылыққа төзімді технологияларға көшуі бойынша жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын жалғастыруы қажет.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді:

  1. Несие алу үшін қажетті анықтамаларды қағаз түрінде тапсырмай, цифрлы нұсқаға көшу.

Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, диқандарға тиімді әрі ашық мемлекеттік қолдау көрсету үшін жеңілдетілген несие берудің техникалық рәсімін оңайлатып, оны цифрлық форматқа ауыстыруды тапсырды.

  1. Арзандатылған отынның жеткізілуін бақылау.

Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері мен облыс әкімдіктері арзандатылған отынның тиісті көлемде жеткізілуін қатаң бақылауға алсын. Әкімдіктер бір апта ішінде өңірлік операторлар туралы толық және өзекті мәліметтерді ұсынсын. Бөлінген жанар-жағармайдың талан-таражға түсуіне жол берген тұлғаларға қатысты құқық қорғау органдары барынша қатаң шаралар қабылдауы қажет.

  1. Вегетациялық кезеңде егінге қажетті сумен үздіксіз қамтамасыз ету 

Диқандарды тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесіне көшуге ынталандырып, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керек. Солтүстік және шығыс өңірлердің әкімдіктері қар тоқтату және су қорын жинау шараларын жүргізуі қажет.

4. Ауа райының өзгеруіне жедел ден қою

Экология министрлігіне егін егу мерзімдерін алдын ала жоспарлау және ауа-райының өзгеруіне жедел ден қойып, шаруаларға метеорологиялық болжамдарды уақтылы беру туралы тапсырма берілді.

5. АӨК өнімінің көлемін ұлғайту бойынша индикаторларды орындау 

Облыс әкімдіктеріне егін егу жұмыстарын жүргізу барысында агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту бойынша индикаторларға қол жеткізуді және орындауды қамтамасыз ету тапсырылды.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңір әкімдеріне көктемгі егіс жұмыстарының уақтылы жүргізілуін ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.