Онкологиялық көмекті жетілдіру өзекті міндет болып табылады: жыл сайын 40 мыңға жуық қазақстандықта қатерлі ісік диагнозы расталады, 13 мың пациент қайтыс болады.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында онкологиялық көмекті жаңғырту, онкологиялық көмек көрсетуде және қатерлі ісіктерді емдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізген елдерге ұқсас онкологиялық науқастарды диагностикалау, емдеу және оңалту үшін жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеу үшін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық сарапшыларды, менеджерлерді, онколог мамандарды, онкогематологтарды, онкопедиатрларды, радиациялық онкологтарды, оқытушы-профессорлар құрамын, пациенттік үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, жұмыс тобын құрды.
Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру 5 жыл ішінде 2023 жылдан 2027 жылға дейін бес негізгі бағыт бойынша көзделген:
- қауіп факторларының профилактикасы және басқару
- тиімділігі жоғары ерте диагностика;
- мамандандырылған емдеуді дамыту
- паллиативтік көмек және оңалту
- кадрлық әлеуетті және ғылымды дамыту.
Жоспардың іс-шараларын іске асыру еліміздегі тұрғындардың ауруының дамуының бастапқы кезеңдерінде өкпе ауруларын диагностикалау, жатыр мойны патологиясының қауіп факторы ретінде адам папиллома вирусы инфекциясын анықтау үшін төмен дозалы компьютерлік томографияны кеңінен қолдану есебінен ерте сатыда қатерлі ісік диагностикасының заманауи технологияларына қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Компьютерлік, магниттік-резонанстық, позитрондық-эмиссиялық томографияны, радиоизотоптық зерттеулерді пайдалана отырып, заманауи сәулелік диагностика аппараттарында зерттеп-қарау мүмкіндігі едәуір артады, телемедицина, жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді енгізу көзделген.
Онкологиялық пациенттер ең жаңа жабдықты орнату есебінен Қазақстанның әрбір өңірінде әлемдік стандарттар деңгейінде заманауи сәулелік ем алатын болады. Әрбір өңірлік онкологиялық орталықта дәрілік ем алған кезде пациенттер үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Ауылдық жерлерде тұратын пациенттер жылжымалы медициналық кешендердің мобильді қызметтерін пайдалану мүмкіндігіне ие болады, паллиативтік көмек пен оңалту сапасы артады.
Жоспарда медицина кадрларын даярлауға үлкен мән берілген. Еліміздің онкологтары әлемнің жетекші онкологиялық орталықтарына қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жіберіледі.
Еліміздің онкологиялық көмегін жаңғыртуға «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры үлкен үлес қосады, оның қатысуымен сәулелік терапияға арналған заманауи аппараттар – желілік үдеткіштер, диагностикалық жабдықтар: сәулелік терапияны жоспарлау үшін виртуалды модельдеу функциясы бар компьютерлік және
магниттік-резонанстық томографтар орнатылады; ересектер мен балалардағы онкологиялық, онкогематологиялық ауруларды емдеуге арналған ісікке қарсы заманауи препараттар сатып алынады. Сондай-ақ Қор қаражаты есебінен еліміздің онкологиялық көмегінің медициналық мамандары шетелде біліктілігін арттырудан өтеді.
Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру Қазақстан мен әлемнің жетекші елдері арасындағы ұлттық технологияларға баса назар аудара отырып, онкологиялық науқастардың профилактикасы, диагностикалау және емдеу саласындағы медициналық көмек ретіндегі алшақтықты жоюға мүмкіндік береді.