Оның айтуынша, облыстың потенциалы өнімге деген қажеттіліктен әлдеқайда жоғары. 


«Біз өзімізді сүтпен 8 есе, макаронмен 18 есе, картоппен 10 есе, жұмыртқамен 4 есе, қырыққабатпен 3 есе, сәбіз және етпен 2,5 есе, сары маймен 1,6 есе көп қамтамасыз етеміз. 
Ел көлемінде алатын болсақ, облыс бидайдың төрттен бірін, майлы дақылдардың  үштен бірін, жұмыртқаның 11%, сүт өнімдерінің 23%-ын береді. 5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,8 есе өсіп, 902 млрд теңгеге жетті. Мұндай көрсеткішке әртараптандырудың арқасында қол жеткізілді», - деді спикер.

 
Оның айтуынша, майлы дақылдар дәнді дақылдарға қарағанда көбірек пайда береді. Мысалы, биыл зығырдың бір тоннасының бағасы 340 мың теңгеге жетті. Ал  бидайдың бағасы - 170 мың теңге. 


Майлы дақылдарды өндіріп қана қоймай, оны қайта өңдеу де маңызды жұмыс. Қазір облыста майлы дақылдарды экстракциялау зауыты салынуда. Бұл елдегі ең мықты кәсіпорын болмақ. 15 млрд теңге инвестиция тартылуда. Зауытта 200 адам еңбек етеді. Жаңа нысан майлы дақылдардың 90% өңдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Петропавлда 3,7 гектар аумақта заманауи жылыжай кешені салынуда. Жобаның құны 7 млрд теңге. Жаңа жылыжай облысты 2 700 тонна көкөніспен қамтамасыз етеді. Қияр мен қызанақ қажеттілігінің 30% жабылады.