Мемлекет басшысы Президент Ли Чжэ Мёңге Кореяға шақырғаны үшін ризашылығын білдіріп, бұл сапардың мән-маңызы ерекше екенін атап өтті.

– Біз Кореяны халықаралық абырой-беделі зор мемлекет ретінде жақсы білеміз. Сіздің еліңіздің экономика, ғылым және технология саласындағы орасан зор жетістіктерін бүкіл әлем мойындайды, солардың ішінде Қазақстан да бар. Біз Кореяда жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерге куә болып отырмыз, оған үлкен қызығушылықпен қараймыз. Мұны Сіздің парасатты саясатыңыз бен корей халқының қажырлы еңбегінің жемісі деп санаймыз. Ал генерал Хон Бом До жөнінде әлгінде айттым. Халқыңыз үшін генералдың орны ерекше маңызды. Оның өмір жолы баршаға белгілі. Ол корей халқының нағыз патриоты, қаһарманы деп айтуға болады. Генералдың есімі Қызылорда қаласындағы көшелердің біріне берілді, сондай-ақ мемориалдық кешен ашылды. Қазақ халқы генерал Хон Бом Доны ерекше тарихи тұлға деп санайды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды.

– Былтыр телефон арқылы алғаш рет сұхбаттасып, өзара сенім мен достыққа негізделген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға келіскен болатынбыз. Ал бүгін екіжақты қарым-қатынасымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік, – деді Мемлекет басшысы.

Содан кейін Президент сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру перспективасына тоқталды.

– Қарым-қатынасымыздың әр саласында жақсы нәтижелер бар. Осы уақытқа дейін Корея Қазақстан экономикасына12 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Кореяның әлемге танымал компаниялары Қазақстан нарығында ойдағыдай жұмыс істеп жатыр. Біз оларға барлық жағдайды жасап отырмыз. Келешекте де солай болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы да жылдан-жылға нығая түсуде.

– Былтыр Қазақстанға 51 мыңға жуық корей азаматы сапармен келді. Бұған екі мемлекет арасындағы тікелей әуе қатынасының қарқынды дамуы айтарлықтай ықпал етуде. Арамызда ірі жоба пайда болды. Ол – Алатау қаласының құрылысы. Бүгін біз Алатау қаласында Кореяның KAIST институтының филиалын ашу туралы келісімге қол қоямыз. Бұл қадам білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастығымызды тереңдетуге тың серпін береді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Астана мен Сеулдің халықаралық аренадағы ықпалдастығына жоғары баға берді.

– Мемлекеттеріміздің жаһандық орнықты даму және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне қатысты ұстанымы – ортақ немесе ұқсас, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Корея Республикасының Президенті бес жыл бұрын Кореяға халық қаһарманы, генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтаруға көмектескені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, корей халқы бұл ізгі істі ұмытпайтынын әрі жоғары бағалайтынын жеткізді.

Ли Чжэ Мёң екі елдің сыртқы саясаттағы бағдары ұқсас екенін мәлімдеп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады.

– Корея Республикасы мен Қазақстан сыртқы саясаттағы ынтымақтастық аясын кеңейтіп, ұлттық мүдде мен нақты нәтижеге бағдарланған прагматикалық дипломатия ұстанады. Қазақстан – біздің экономикалық қауіпсіздік саласындағы маңызды серіктесіміз. Сіздің еліңіз тек энергетикалық және табиғи ресурстарға ғана бай емес, келешегі зор жоғары технологиялық салаларда да зор әлеуетке ие. Біз өндіріске арналған озық цифрлық технологияларымыз арқылы Қазақстан өнеркәсібін жаңғыртуға үлес қосуға әзірміз. Халықаралық ахуал бұлыңғыр кезеңде елдеріміз күш-жігер мен әлеуеттерін біріктіріп, ынтымақтастықты нығайтуға тиіс. Сондай-ақ өзара тиімді негізде экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндіктерін табуы қажет, – деді Корея Президенті.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы сыртқы істер министрлері болашаққа бағдарланған қазақ-корей қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктeстік деңгейіне дейін көтеру туралы вербальді ноталар алмасты.

Бұдан бөлек, мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері мынадай үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар алмасты:

1. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Корея Республикасы Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрлігі арасындағы мұнай саласы бойынша ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім;

2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Корея Республикасы Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрлігі арасындағы ғылым және технологиялар саласы бойынша таланттарды дамыту туралы ынтымақтастықтың негіздемелік құжаты;

3. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Корея Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек министрлігі арасындағы EPS жүйесі бойынша қызметкерлерді бағыттау және қабылдау бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

4. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Корея Республикасы Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрлігі арасындағы атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

5. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Корея Республикасы Климат, энергетика және қоршаған орта министрлігі арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

6. Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігі мен Корея Республикасы Зияткерлік меншік министрлігі арасындағы зияткерлік меншік саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

7. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Корея Республикасы Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі арасында қаланы, инфрақұрылымды дамыту саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

8. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Корея Республикасы Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі арасындағы озық әуе қозғалысын дамыту саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

9. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Корея Республикасы Климат, энергетика және қоршаған орта министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

10. Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігі мен Корея Республикасы Орман қызметі министрлігі арасында ормандарды цифрлық қалпына келтіру және климат өзгерісіне қарсы күрес шаралары жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

11. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Корея Республикасы Мәдениет, спорт және туризм министрлігі арасындағы 2026-2030 жылдарға арналған мәдени ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

12. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Корея Республикасы Патриоттар мен ардагерлер істері министрлігі арасындағы Тарихи нысандарды сақтау және басқару саласы бойынша жан-жақты ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.