Нұрлан Жақыповтың айтуынша, 2026 жылы Қор 3,2 триллион теңгенің инвестициялық жобаларын түйіндеуді жоспарлап отыр. Соның ішінде Мойынты – Қызылжар, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерін салу, Алтынкөл – Жетіген, Бейнеу – Маңғыстау теміржол учаскелерін жаңғырту, Қашаған кен орнындағы газ өңдеу зауытының құрылысы, Алматы екінші жылу электр орталығын жаңғырту, Түркістан облысында бу-газ қондырғысын және гибридті электр станциясын салу жобасы бар. Сонымен қатар Астанадағы деректерді өңдеу орталығының құрылысы мен Каспий теңізінің табанына талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Президентке Қордың инвестициялық портфелі жөнінде мәлімет берілді. Аталған бағытта 2027-2029 жылдары энергетика, мұнай-газ секторы, көлік және цифрлық инфрақұрылым салалары бойынша 21 триллион теңгеге 38 жобаны іске асыру көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, Нұрлан Жақыпов Қордың әлеуметтік жобаларының орындалуы туралы баяндады. Медициналық және әлеуметтік нысандар салуға басымдық беріліп, мүгедектігі бар балаларға арналған 55 орталық және 46 инклюзия кабинеті ашылған, спорттық және білім беру инфрақұрылымын дамытуға назар аударылып отыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қор жұмысының негізгі бағыттарына қатысты бірқатар міндет жүктеді.