Президент контейнерлік тасымалдау бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі саналатын компанияның Қазақстан нарығындағы қызметіне жоғары баға беріп, бүгінде Орта дәлізді дамыту еліміз үшін стратегиялық басымдық саналатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эдуард Зигристке Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін күшейту бағытындағы нақты шаралар туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, Әзербайжан және Грузия елдерімен бірге бірыңғай ұзақмерзімді тариф моделін енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Каспий теңізіндегі жүк кемелері флотын кеңейту, Әзербайжанмен бірлесіп теңіз табанын тереңдету, сондай-ақ Құрық портын жаңғырту секілді негізгі инфрақұрылым жобалары қолға алынды.
Бұл ретте Мемлекет басшысы компанияның Каспий жағалауындағы порт инфрақұрылымына инвестиция салуға қызығушылығын құптап, мұндай жобалар аталған бағыттың бәсекеге қабілеттігін елеулі түрде арттыратынын, Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы көлемінің өсіміне ықпал ететінін айтты.
MSC аға вице-президенті Мемлекет басшысына компанияның ұзақмерзімді инвестициялық жоспары туралы баяндады. Оның аясында логистикалық терминалдарға, темір жол активтеріне, порт инфрақұрылымына және теңіз қызметтеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы әуе арқылы жүк тасымалына қаржы құю қарастырылған.