Мемлекеттер басшылары XIV-XV ғасырларға тиесілі сирек жәдігерлер көрмесін тамашалады. Ол Қожа Ахмет Ясауидің өмір жолы мен кесененің тарихынан сыр шертеді. Соның ішінде XIV ғасырдан бері сақталған қабірхананың ағаш есігі бар. Есік сүйекпен, қаңылтырмен және алтын жалатылған жазулармен безендірілген. Сондай-ақ куфа мен сулус үлгісіндегі араб мәтінімен өрнектелген.


Мәртебелі меймандарға Әмір Темірдің тапсырысымен жасалған қола шырағдандар, XV ғасырға тән аспалы қола кәндилдер мен айдаһар бейнесінде нақышталған қос құлақты шамдар көрсетілді. Көрменің ерекше сәулеттік элементі – кесене күмбезінің ұшар басында орналасқан көне кубба (мыстан жасалған).
Залдағы аса құнды жәдігердің бірі – XVIII-XIX ғасырларға жататын Қожа Ахмет Ясауи құлпытасының қабіржапқышы. Оның бедерлі ою-өрнектері діни символизмді, геометриялық композицияны, каллиграфияны ұштастырады. Орталық Азиядағы ислам мәдениетінде қабіржапқыш рухани құрметтің белгісі саналады.
