Мамыр айында жазғы атмосфералық процестерге көшу жүзеге асырылады. «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова атап өткендей, ауа-райының тұрақсыз сипаты, найзағай мен екпінді желмен жауған жаңбыр бір ай ішінде сақталады, жекелеген күндері бұршақ жауады.

«Айдың басым бөлігінде жоғары температуралық фоны бар күндер көп  болады деп күтілуде: республиканың солтүстік бөлігінде күндіз ауа +35°C оңтүстік аймақтарда +40°C  дейін жылынуы мүмкін. Елдің солтүстік, шығыс және орталық аймақтарында, сондай-ақ оңтүстік-шығыс таулы аймақтарында салқын толқындардан ауа температурасы -5-тен +15°C-қа дейін төмендеуі күтіледі. Батыста және оңтүстік өңірлерде +5-тен +26°C - қа дейін жылы болады», – деді спикер.

Мамыр айындағы орташа ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2° жоғары болады деп күтілуде. Мамыр айында елдің батысында жауын – шашын мөлшері нормадан көп болмақ, Қазақстанның оңтүстік, орталық өңірлерінде нормадан аз болады деп болжануда.