БҚО-да жағдай тұрақталып келеді. Жайық өзеніндегі су деңгейі 4 сантиметрге түсіп, 859 сантиметрді құрады. Мамандардың айтуынша су деңгейінің түсуі біртіндеп жүзеге асатын болады. Су тасқыны басталғалы бері 13 980 адам эвакуацияланды, оның ішінде 5782-сі - балалар. Бүгінгі таңда облыс бойынша 12 эвакуациялық пунктке 2487 адам орналасты. Оларға қажетті заттар мен азық-түліктер уақытылы жеткізілуде. Тұрғындарға тұрақты негізде медициналық бақылау жүргізілуде. Бұл жайлы БҚО әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Таткен Ерхан ОКҚ алаңында хабарлады.

Мемлекет басшылығының тапсырмасына сәйкес, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстары жалғасуда.

«Жергілікті бюджет есебінен біржолғы әлеуметтік көмек берілуде. Бүгінгі таңда 1541 адамға 561 млн теңгеден астам қаржы төленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Сондай-ақ облыстардан және басқа да шет мемлекеттерден  337 млн теңге көлемінде гуманитарлық көмек көрсетілді. Өңіріміздегі су тасқынына қарсы іс-шараларға облысымыздан және басқа аймақтардан барлығы 11 мыңға жуық адам, 2 мыңнан астам техника жұмылдырылды», – деді спикер.

Кеше олардың ішінен 300-ге жуық әскерилер өңірдегі миссиясын аяқтап, Оралдан Атырауға жол тартты. Бұдан бөлек ертеңгі күні де бірқатар күштік құрылымдардың қызметкерлері басқа өңірлерге аттанады. Қазіргі уақытта жағдай әлі де бақылауда. Облыстың Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары мен Орал қаласында кезекшілік жүргізілуде. Жайық өзенінің бойында 142 шақырым дамба тұрғызылды.